Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында сот процестерінде адвокат пен прокурордың құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету қажеттігін айрықша атап өтті.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Марат Бекетаев хабардар еткеніндей, аталған тапсырманы орындау мақсатында адвокаттар қоғамдастығы адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері жөніндегі заң жобасына түзетулер әзірлеп, енгізді. Олар сот процестеріндегі адвокаттардың өкілеттіктерін кеңейтеді. Заң жобасы Мәжілісте қаралуда.

Министр атап өткеніндей, аталған заң жобасы адвокаттар мен заң консультанттарының қызметін автоматтандыруды және оңтайландыруды көздейді, бұл өз кезегінде уақыт пен материалдық шығысты қысқартады. Автоматтандыру қажетті ақпаратты шұғыл алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ақпараттық жүйеде жұмыс істейтін адвокаттар мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсеткені үшін төлемақыны жеңілдетілген тәртіпте ала алады.

Заң жобасында заң консультанттарының қызметіне кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауаптылықты міндетті түрде белгілей отырып, олардың қызметтеріне кепілдікті бекіту көзделген, бұл тетік олардың қызметін қорғауды қосымша қамтамасыз ететін болады.