Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттырады, сондай-ақ еліміздің әлемдік стандарттарға, яғни ЭЫДҰ талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз хатшысы Айдос Садуақасов мәлімдеді. Жалпы, қазіргі таңда елімізде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралатын болса, бұл жаңа сот ісін жүргізудің төртінші жаңа түрі, жаңа институты. Оған сәйкес әкімшілік іс жүргізу деген ұғым енгізіледі.

«Қазіргі таңда осы әкімшілік-әділет жүйесіне дайындық барысы жүргізіліп жатыр. 500-ге жуық судья оқытылуда. Сондай-ақ, Заң нормалары түсіндірілуде. Бұл заң Әділет министрлігімен бірлесіп әзірленген. Осы Заң күшіне енгеннен кейін екі заң өзінің күшін жояды. Біріншісі - Әкімшілік рәсімдер туралы заң, екіншісі - Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заң. Бұдан былай азаматтар мемлекеттік органмен немесе әкімшілік органмен, басқа да лауазымды тұлғалармен дау туындаған жағдайда, осындай әкімшілік соттарға жүгінетін болады. Тек лауазымды тұлғалар ғана емес, квазисектордағы, мемлекетке бағынышты органдар, мысалы, ұлттық компаниялар, мемлекеттің үлесі бар, мемлекет өзінің уәкілеттігін берген органдар, тіпті Республикалық адвокаттар алқасы сияқты органдардың өзі де осы заңның шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне жауап беретін болады», - деді А.Садуақасов.

Жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік орган еш уақытта талапкер рөлін ала алмайды, ол тек қана жауапкер болады. Сонымен қатар, жаңа заңға сәйкес, судья шешім шығарып қана қоймай, оның орындалуын қадағалайды. Лауазымды тұлға шешімді орындамаған жағдайда, 50-ден 100 АЕК дейін қаржылай өндіріп алу жазасы қолданылады. Шешім орындалмайынша, судья ол адамды жауапкершіліктен босатпайды.

Жоғарғы Соттың ресми мәліметінше, 1 шілдеге дейін елімізде 21 әкімшілік сот құрылады, ол соттардың 17-сі еліміздің ірі қалаларында, қалған төртеуі Қаскелең, Семей, Жезқазған және Екібастұз қалаларында орналасады.