Электрондық еңбек биржасы порталы 2018 жылы іске қосылды, онда жұмыс берушілерден түсетін бос жұмыс орындары мен жеке тұлғалардың түйіндемелері жиналды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов хабарлады. Оның айтуынша, өткен жылы электрондық биржа платформасы жобасы пилоттық режимде 40 қалада онлайн режимде іске қосылды.

«Кез келген жұмыс іздеп жүрген азамат, Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеуші ретінде тіркелген күннен бастап үш күн ішінде биржада лайықты жұмыс іріктеліп, ізденушіге ұсынылады. Лайықты жұмыс болмаған жағдайда ізденуші азамат автоматты түрде жұмыссыз ретінде тіркеледі. Осы сәттен бастап жұмыссызға мемлекеттен субсидияланатын жұмыс орындары ұсынылады және егер ол әлеуметтік сақтандыру қоры жүйесінің қатысушысы болса, табысынан айырылуы бойынша төлем проактивті түрде тағайындалады», - деді вице-министр.

Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері жалпы Электрондық еңбек биржасы көмегімен 101 мың адам жұмыс тапқан, оның ішінде пилот аясында 4,5 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Бұдан басқа, жұмыс берушілер еңбек шарттарын Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (e-HR) тіркеледі. Бұл жұмысқа орналасу процестерін жеңілдетуге және сұралатын құжаттардың сапасын арттыруға, азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізуге, кадрлық іс жүргізу процесстері автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бүгінде ақпараттық жүйеде 3,9 миллион еңбек шарты тіркеліп, 150 мың ұйым қосылған, бұл барлық жұмыс істейтіндердің 70% құрайды.