Мерзімді әскери қызметке шақыру толыққанды ашық форматта өтеді. Азаматтардың толық ақпарат алуына қатысты барлық жағдай жасалған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында 2021 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанын түсіндіру бойынша өткен брифингте ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы полковник Сәкен Жүсіпов мәлімдеді. Қорғаныс істері жөніндегі әр департаментте «Қарулы Күштер – Адалдық Алаңы» жобалық офистері қызмет көрсетуде, электрондық пошталық жәшіктер мен әлеуметтік желілерде ресми аккаунтары ашылды.

«Еліміздің барлық тұрғынына айтарым: әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мәселелерін ақша үшін көмек көрсетуге уәде беретін адамдар арқылы шешуге әрекет етпеңіздер! Олар – әскерге шақырылушыға заңды түрде әскерге шақыруды кейінге қалдыру тиіс болса да, халықтың ол туралы хабарсыз болуын пайдаланатын алаяқтар. Ақша бопсалау, туындаған мәселелерді шешуді ұзаққа созу және басқа да сыбайлас жемқорлық сипаты жағдайлары бойынша жедел шаралар қабылдау және туындаған жағдай бойынша кеңес алу үшін Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» атты жобалық кеңсесіне жүгіну немесе сенім телефонына хабарласу қажет. Біз әрдайым сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз», - деді полковник.

Ведомство Қорғаныс министрлігінің мамандарының номерлерін жариялады: 8 (7172) 72-10-83, 72-16-06, 72-13-89, 72-13-82.