Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен халыққа есеп беру кездесуінде ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов мәлім етті.

Өз сөзінде министр бір жарым жылдан аз уақыт ішінде АӘК көрсету тетіктері екі рет жетілдірілгенін атап өтті. 2019 жылғы 1 сәуірден бастап АӘК тағайындау критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50% - дан 70% - ға дейін (14 849-дан 20 789 теңгеге дейін) көтерілді.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік көмекті қарастырудың жаңа моделі енгізіледі:

  • 4 және одан да көп балалары бар көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу (әр балаға айына орташа 11 112 теңгеден);
  • АӘК көрсету (балаларды қоса алғанда, отбасының әрбір мүшесіне айына орташа 11 117 теңгеден);

  • аз қамтылған отбасы балалары үшін кепілді әлеуметтік пакет ұсыну (1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік-тұрмыстық жиынтық; мектеп формасы мен керек-жарақтары, мектептегі тамақтану, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін жеңілдікпен жол жүру).

Бұдан басқа, отбасының АӘК мұқтаждығын анықтау кезінде учаскелік комиссиялардың рөлі мен жауапкершілігі күшейтілді. Сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт талаптарын міндетті түрде орындау және отбасының жұмысқа қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастырудан бас тартқан жағдайда бүкіл отбасына төлемдерді тоқтату арқылы әлеуметтік көмек алушылардың жауапкершілігі күшейтілді.

АӘК алушыларға «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде қиын өмірлік жағдайдан шығу үшін кең мүмкіндіктер берілді: тегін оқыту, жұмысқа орналастыру, өз ісін ашу үшін өтеусіз гранттар мен шағын кредиттер беру.

Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, АӘК көрсету тетіктерін одан әрі жетілдіру мыналарды көздейді: МСК әлеуметтік қызметтер порталына көшіру, сөзсіз ақшалай көмек алушыларды әлеуметтік бейімдеу шараларымен қамту, қиын өмірлік жағдайдан шыққанға дейін отбасын сүйемелдеу.