Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Сайлау күні заңдылықтың жай-күйі туралы» брифингте сөз сөйлеген ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Олардың бірі сайлау учаскелерінен азаматтар бейнеленген фото және видео жариялауға қатысты болды. Прокурордың айтуынша, сайлау учаскесі - бұл қоғамдық орын.

«Азаматтың сайлау учаскесінде болуы құпия емес. Бірақ бейнесін пайдалану үшін олардың келісімі қажет. Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес, қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ. Басқа адам бейнелеген бейнелеу туындыларын бейнеленген адамның келiсiмiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға және таратуға жол берiледi. Егер заң құжаттарында белгiленсе, не бейнеленген адам ақы алып кескiнделген болса, ондай келiсiм талап етiлмейдi. Демек, егер азамат өзінің бейнесін көрсету арқылы оның құқықтары бұзылған деп санаса, онда ол оларды азаматтық тәртіпте қорғауға құқылы», - деп түсіндірді подполковник.

Ол сондай-ақ әлеуметтік желілердегі үрдістерге тоқталды. Бүгін пайдаланушылар бюллетендерге құсбелгілер қойылған фотосуреттерді белсенді түрде жариялады.

«Конституциялық заңға сәйкес, сайлау алдындағы үгіт — сайлаушылардың белгілі бір кандидатты, саяси партияны жақтап немесе карсы дауыс беруге түрткі болу мақсатында атқарылатын қызмет. Егер азамат өзі дауыс берген партияны көрсетсе, бірақ ол үшін дауыс беруге шақырмаса, онда оның іс-әрекеттері сайлау алдындағы үгіт деп қабылданбайды», - деп түйіндеді Сарғазин.