Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасағаны үшін сотталғандардың жазасы күшейтіледі. Оларға рақымшылық жасалмайды және ең ауыр режимде жазасын өтейтін болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов журналистің сұрағына берген жауабында мәлімдеді.

Оның айтуынша, үстіміздегі жылы балаларға қатысты қылмыстар саны 8 пайызға өсті.

«Бұған өзіндік себептер бар. Мысалы, кәмелетке толмаған балаларды зорлау бойынша бір жәбірленушіге байланысты 60 қылмыстық іс қозғалған. Ол да өз әсерін тигізіп отыр. Былтыр осы сала бойынша, егер жабық мекемелерде, интернаттарда, дәрігерлер осындай жыныстық зорлыққа қатысты фактілерді жасырса, оларға қатысты да қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. 8 пайыз – бұл жайттар, ал жәбірленушілер саны өскен жоқ», - деді М. Ахметжанов.

Оның атап өтуінше, педофильдермен күресті күшейту мәселесі бойынша жұмыстар жалғасады.

Айта кетейік, мемлекет басшысы биылғы жолдауында мұндай қылмыскерлер рақымшылық алу және мерзімінен ерте босау құқығынан айырылып, мейлінше қатаң жазалануы керек екендігін атап өтті.