Сот төрелігін даулау - бұл тек судьялардың ғана емес, қоғамның да назарын қажет ететін мәселе. Бұл мәселе Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де бар. Өкінішке орай, мынадай үрдіс қалыптасқан: іс бойынша әлі шешім қабылданған жоқ, бірақ тараптар бірі-бірінен асырып, қоғамды өз жағына тартуға тырысып, әлеуметтік желілерде хабарламалар тарата бастайды. Педофилия және сыбайлас жемқорлық сияқты қоғамның өте ауыр проблемаларына қатысты фейк ақпараттар да болады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жоғарғы Соттың судьясы Назгүл Рахметуллина мәлімдеді.

«Түркменстанның сотымен кісі өлтіргені үшін сотталған және жазасын өтеу үшін Отаны Қазақстанға жіберілген азамат Антонюкке қатысты осындай жағдай орын алды. Әлеуметтік желілерде біздің судьялар оны өзін-өзі қорғау кезінде бірге тұрған адамды өлтіргені үшін заңсыз айыптаған деп жазды. Бұл туралы Жоғарғы сот оның басқа мемлекеттің сотымен сотталғанын және біз бұл шешімді қайта қарауға құқылы емеспіз деп ресми мәлімдегеннен кейін де айтып жатты. Өкінішке орай, мұндай жағдайлар аз емес», - деді судья осы жағдайға қатысты.

Тағы бір мәселе – Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабын сақтамау. Тергеу мәліметтерін тек прокурордың рұқсатымен ғана жария етуге болады.

«Кейбір құқық қорғау органдары адамды ұстағаннан кейін бірден бейнежазбалар жариялап, БАҚ-қа ақпарат береді. Мұның бәрі қылмыстың дәлелденген фактісі ретінде ұсынылады. Бірақ ол адам сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана кінәлі деп танылады, кінәсіздік презумпциясы бар екенін ұмытпаңыздар. Мұндай істер сотқа жіберіледі және дәлелдер өте аз болып шығады. Кейіннен прокурор айыптауды өзгертеді немесе одан бас тартады. Көп жағдайда, шешім қабылдау үшін жауапкершілік судьяларға жүктеледі. Сондықтан барлық дамыған елдердегідей, сотқа дейінгі кезеңде кез келген ақпаратты БАҚ-қа тек прокурорлар ғана беруге тиіс», - деп түйіндеді спикер.