Бес жыл ішінде цифрландыру мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтарды 765 есеге азайтты

Елімізде мемлекеттік сатып алу процесі толығымен автоматтандырылған. Бес жыл ішінде цифрландыру мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтар сомасын 765 есеге қысқартты, - деп хабарлады Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен есептік кездесу барысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан ЖАМАУБАЕВ.

«Электрондық мемлекеттік сатып алу көлемі 2019 жылы 3%-ға өсіп, 3,9 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік қаражатты үнемдеу 361 млрд теңгеден асты. Барлық уақытта ең жоғары деңгей! Соңғы 3 жылда мемлекеттік сатып алуда мемлекет үнемдеген қаражат сомасы триллион теңгеге жақындады», - деді Қаржы министрі. – 5 жыл ішінде мемлекеттік сатып алуды цифрландыру осы саладағы бұзушылықтар сомасын 765 есеге азайтты. Егер 2015 жылы бұзушылықтар 233 млрд теңгеге тіркелсе, 2019 жылы - 0,3 млрд теңге тіркелді».

Биылғы жылы Электронды дүкенді іске қосу жоспарлануда, ол бір көзден сатып алуды қысқартады және 1 күн ішінде бәсекелестік негізде тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді.

Электрондық депозитарий құрылады, ол адам факторы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қоспағанда, әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесін автоматты түрде есептеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу процесінде рейтингтік-баллдық жүйені енгізу жоспарлануда, бұл ретте веб-портал өнім берушілерге баға және сапалық өлшемшарттарды ескере отырып, тиісті рейтингті автоматты түрде беретін болады.