Елордалық №9 емхананың директоры Сәуле Смағұлова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында амбулаториялық-клиникалық ұйымдардың пандемия жағдайындағы жұмысы туралы айтып берді. Маман барлық амбулаториялық-клиникалық ұйымдарда COVID-19 анықтау үшін ПТР-диагностика үшін биоматериал алынатын провизорлық бөлімшелер, науқастарды шұғыл қабылдауға арналған қосымша фильтр-кабинеттер ашылғанын жеткізді.

Оның атап өтуінше, емханаларда жұмыс істейтін мобильді бригадалар пациенттерді үйіне барып, қарайды, температурасын, артериялық қан қысымын, тамырдың соғуын, қандағы оттегі мөлшерін өлшейді. Аурудың белгілері байқалған жағдайда, ПТР-диагностикаға биоматериал алады. Соның қорытындысы бойынша емдеу тағайындалады. Сонымен қатар, емханаларда амбулаториялық-дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бригадалары жұмыс істейді. Олар созылмалы аурулары бар пациенттерге дәрі-дәрмектерді үйге жеткізеді.

Барлық бейінді мамандар мен учаскелік терапевттер қашықтықтан онлайн-режимде жұмыс істейді. Ол үшін мобильді қосымша арқылы учаскелік дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылуға және онлайн-режимде медициналық кеңес алуға болады. Қажет болған жағдайда учаскелік дәрігер бейінді маманға кеңес алуға жібереді.

«Барлық пациенттер бақылауға алынады. амбулаторлық және стационарларлық ем қабылдап жүрген COVID жұқтырғандар барлық дәрі-дәрмекпен және денсаулығын қалпына келтіру үшін барлық қажетті көмекпен қамтамасыз етіледі», - деп толықтырды С.Смағұлова.