МӘМС қорындағы қаржы күрделі ауруларға, емдеу шараларына жұмсалады. ҚР азаматтары ай сайын қорға ақша аударады, олай болса, емделуге неге тағы зейнетақы қорындағы ақшасын бағыттауы керек? МӘМС қорында мемлекеттік бюджеттен және халықтан жиналған миллиардтаған қаражат адамдарды емдеуге жетпей ме? Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте журналистер спикерлерге осындай сауал жолдады. Оған Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің Амбулаторялық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы Батырхан Сарымсақов жауап берді.

«25 ақпаннан бастап біржолғы зейнетақы төлемдерін емдеуге жұмсауға болады. Медициналық қызметтер тізімі әлі де жетілдіріледі, халықтың сұранысына байланысты қайта қаралады. Мысалы, физиологиялық тұрғыдан Қазақстанда қолданылатын жағдайлар бір азаматқа жақпауы мүмкін. Сондықтан ол науқасқа шетелдік тәсілдер ұсынылады. Осы кезде ол БЗТ қолданыла алады. Жалпы, елімізде медициналық көмек көрсетудің екі пакеті бар: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану біздің азаматтарымызға қосымша медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді», - деді Б.Сарымсақов.

Бұл ретте ол БЗТ емделуге жұмсаудың жартыжылдық қорытындысы бойынша мониторинг жүргізілетінін атап өтті. Ал бұйрыққа өзгерістер енгізілетін болса, ол ашық порталда қоғамдық талқыға салынады.