БҚО-да КВИ жұқтырудың 7 382 жағдайы тіркелді, 128 адам қайтыс болды. ПТР-зертханалардың саны артты. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Ғали Есқалиев пандемиямен күрес жағдайы туралы айтып берді. Оның айтуынша, қазір қуаттылығы тәулігіне 2 600 зерттеу жүргізе алатын 8 зертхана жұмыс істеп тұр. Облыста 6 инфекциялық стационар қызмет етсе, 2 044 төсек-орын резерві жасақталған.

«Сондай-ақ, 200 төсек-орындық тез құрылатын модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталуға шақ, жұмыстар 88%-ға орындалды. Облыстың медициналық ұйымдары қажетті медициналық жабдықтармен жабдықталды. Бүгінде медицина қызметкерлерінің тапшылығы жоқ. Жедел жәрдем бригадаларының саны 83 көлік құралына дейін ұлғайтылды, емханалар жанынан 123 мобильді бригада құрылды. Облыс аудандары үшін қосымша 37 бірлік санитарлық автокөлік және 9 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды», - деді спикер.

Ресми мәліметтерге сәйкес, облыстың дәріхана желісінде және медициналық ұйымдарында дәрілік заттардың екі айлық азаймайтын қоры бар, дәрілердің 25 атауы бойынша тұрақтандыру қоры құрылды.