Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Жол картасы әзірленді. Оның негізгі мақсаты – оқушылардың бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндіктер жасау. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының директоры Тастанбек Есентаев осылай деді. Оның мәліметінше, Қазақстан бойынша 1252 мекемеде 60 мыңға жуық үйірме жұмыс істеп тұр, соның ішінде 39 440 спорт секциясы бар.

«Қазақстанда мектеп оқушыларының саны 3 млн. болса, соның 42 пайызын бұқаралық спортқа тарту көзделген. Бүгінде жүйелі түрде спортпен айналысатын балалар саны 1 млн. 200 мыңнан асады. Ендігі міндетіміз – мектептерге бұқаралық спортты дамыту бойынша жаңа жобалар әзірлеу. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі дене тәрбиесі туралы заңға өзгертулер енгізіп, балаларды бұқаралық спортпен қамту үшін балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубтарын ашуды ұсынып отыр. Олар әрбір аудан, облыс орталықтарында болады. Нәтижесінде, бұл қосымша 35 мың балаға спортпен айналысуға жағдай жасайды», - деді Тастанбек Есентаев.

Оның атап өтуінше, бұл дене тәрбиесі мұғалімдерінің сабақтан тыс жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Заң жобасы бойынша дене тәрбиесі мұғалімдерінің бастапқы еңбекақысын 100 пайызға арттыру жоспарланып отыр.