Коронавирус инфекциясы бойынша жағдай тұрақты. Аурушаңдық пен өлім-жітімнің негізгі көрсеткіштері төмендеуде, көрсеткіштердің күнделікті жақсару үрдісі сақталуда. Бірақ "көршілердегі" тұрақсыз жағдай белді бекем бууға және вирустың екінші толқынына дайындалуға мәжбүр етеді. КВИ бар науқастар үшін 71126 төсек орын ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
Оның мәліметінше, қазір 10257 төсек - орын қолданыста, олардың 15% коронавирус инфекциясымен немесе коронавирус тәрізді пневмониямен ауырған науқастар жатыр.
"Біз 13 модульді жұқпалы аурулар ауруханасын салуды жоспарладық, екі ірі клиника қайта жаңарту кезеңінде, 3640 мобильді бригада азаматтарға қызмет көрсету үшін емхана деңгейінде ұйымдастырылған. Ағымдағы маусымда 5998 ӨЖЖ аппараты жеткізіледі, 21566 төсек орны оттегімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, біз қызметтерді санитарлық автокөлікпен толық жабдықтаймыз. 1167 бірлік қосымша сатып алынады және өңірлерге жеткізіледі. Ауылда көмекке қол жеткізу үшін 100 жылжымалы медициналық кешен мен 53 рентген аппараты өңірлерге жолданады", - деп қызметтердің мобильдігі туралы баяндады министр.
Ол сондай-ақ ауруханалар мен емханалар екі айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Тұмауға қарсы вакцинаның 2 199 990 дозасы сатып алынды. Кейбір аймақтарда егу жұмыстары жүргізілуде.
"Сонымен қатар, түрлі өнім өндіруші елдермен коронавирусты инфекцияға қарсы 5 580 000 доза вакцина сатып алу мәселесін пысықтап жатырмыз. Сатып алу және Қазақстан аумағына жеткізу мүмкіндігі қаралуда. Біз отандық вакцинаны өндіру және нарықта одан әрі тіркеу мәселесін қарастырамыз, ол клиникаға дейінгі зерттеулер кезеңінде жақсы нәтиже көрсетті, - деп қорытындылады Цой.