Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек туралы айтып берді.

Оның сөзіне қарағанда, Үкімет бөлшек секторды сұранысқа ие препараттармен толықтыру бойынша барлық шараларды қабылдауда. Бөлшек саудаға шығарылатын дәрі-дәрмектерді жеткізу процедуралары жеңілдетілді. Бұл процесті жеделдетуге мүмкіндік берді.

«10 шілдеде Мәскеуден екі азаматтық бортпен жеткізілген 55 тонна дәрі коронавирустық инфекция мен пневмонияны емдеуге арналған препараттарға бір айлық қажеттілікті қамтамасыз етеді. Олардың ішінде вирусқа қарсы және дене қызуын төмендететін препараттар, антикоагулянттар мен антибиотиктер, Сондай-ақ, 150 мыңға жуық азитромицин, миллионға жуық цефтриаксон, 150 мың данасы тамифлю, 50 мың арбидол және басқа да қажетті медициналық препараттар. Дәрі-дәрмектер өңірлік дәріханаларға біркелкі үлестірілді. Осы аптада Үндістаннан ұшақ келеді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және дәрілік заттарға деген сұранысты толықтай қанағаттандыру үшін мұндай шаралар ай сайын ұйымдастырылады», - деді Л. Бюрабекова.