Денсаулық сақтау жүйесінің ықтимал сыртқы сынақтарға дайындығын қамтамасыз ету үшін ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Осы мақсатта Денсаулық сақтау субъектілерінің жұмысын, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысын бақылау күшейтілді. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.

«2020 жылы арнайы құрылған Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті медициналық қызмет көрсету сапасына азаматтардың 3386 өтінішін қарады. 159 денсаулық сақтау субъектісі 8,5 млн.теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 107 мыңнан астам медицина қызметкері клиникалық қызметке жіберілді, 120 денсаулық сақтау субъектісі аккредиттелді. Сонымен қатар, вакциналарды уақытша тіркеу ережелері әзірленді, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен жабдықтарды тіркеу рәсімдері жеделдетілді»,- деп түсіндірді ведомство өкілі.

Оның мәліметінше, 1640-тан астам дәріханада баға мониторингі жүргізілуде, шекті бағадан 939 факт анықталды, 1343 субъектіге 181,6 млн.теңгеге айыппұл салынды. Дәрі-дәрмектерді заңсыз сатудың 538 фактісі анықталды, заңсыз айналымнан 10 млн.астам қаптама алынды.