Баға мониторингінің тұтас жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Мұнда нақты уақыттағы бағаларды бақылауға көмектесетін 4 дереккөз қарастырылуда. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Біріншіден, Dosmart жүйесі арқылы біз өнімдер мен дәрілік заттардың өзекті құны бойынша ақпарат аламыз. Жүйеде тіркелген пайдаланушылар саны 28 мыңға жетті. Барлық азаматтарды белсенді қатысуға және мобильдік технологиялардың көмегімен әрқайсымыз бағаларды талдау мен мониторингіне ықпал ете алады. Жыл соңына дейін Қазақстанның барлық қалаларына тауарлар каталогын ұлғайту және әртүрлі дүкендердегі белгілі бір тауарға бағаларды салыстыру мүмкіндігі жоспарланып отыр. Пайдаланушыларды жүйеге тарту үшін ақпаратты ұсынғаны үшін оларға кэшбек қайтарылады», - деді министр.

Екіншіден, Қаржы министрлігі, Қазақтелеком, Транстелеком базаларымен интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл бақылау-кассалық машина арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары туралы қосымша деректерді онлайн алуға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, деректерді жинау бойынша жұмысты жеделдету үшін министрлік Қаржы министрлігімен және Қазақтелекоммен бірлесіп тауарлар мен өнімдердің бірыңғай ұлттық каталогын жасау бойынша жұмыс жүргізуде.

Төртіншіден, электрондық коммерциялық алаңдардағы parsing технологиясы арқылы белгілі бір өнімдер мен тауарлардың нақты уақыттағы бағалары қадағаланатын болады.

«Бұл тұтынушыларға тауарлардың, әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үздіксіз жеткізілуіне кепілдік береді, сондай-ақ бағаларды теңдестіруге, цифрлық технологияларды, электрондық әмияндарды кешенді пайдалана отырып, жекелеген өнімдер бойынша бағаны 45%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Тауар сапасын арттырады», - деп атап өтті Сұлтанов.