Қызметкерлерге еңбекақы төлеу және әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударылатын болады. Полиция қызметкерлерінің, қылмыстық-атқару жүйесінің лауазымдық жалақысын көтеру кезектен тыс аттестаттаудан соң 2019 жылдың 1 шілдесінен басталады және сараланымдық бағытта болады.
«Қызметкерлердің тұрғын үй мәселесін шешу тетіктері әзірленеді. Тұрғын үйді жалға (аренда) алғаны үшін өтемақы алуға құқы бар лауазымдардың тізімі кеңейтіледі. Оның құрамына жол-патрулдік полицияның саптық бөліністері, учаскелік инспекторлар лауазымы енгізіледі», - деп атап өтті ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, генерал-майор Жанат Сүлейменов.
Бұған қоса, қолданыстағы тұрғын үймен қамту механизмін (әскери қызметкерлерге балама) қызметкерлердің үй сатып алуы үшін тұрғын үй төлемін беруге ауыстыру мәселелерін шешу жолдары қарастырылады.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен бірге «7-20-25» бағдарламасы аясында қызметкерлерге жеңілдетілген ипотекалық несие бойынша бастапқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесі де қарастырылмақ.