Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экологиялық кодекске қол қойды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, бұл – реформаторлық құжат. Ол ұзақ талқыланды. Ең бастысы экологиялық және экономикалық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті сақтау болды. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың техникалық және технологиялық «жабдықталуына» байланысты бірқатар қиындықтар туындады.

«Алайда бұл ахуалдың жақсаруы бір дегенде емес, бірнеше жылдың ішінде орын алады. Себебі экологияны жақсарту үшін біздің өнеркәсіпте айтарлықтай техникалық және технологиялық жүйелі өзгерістерді іске асыру қажет. Үш күн бұрын Мемлекет басшысы Экологиялық кодекске қол қойды. Қабылданған құжатты реформаторлық деп атауға болады және ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Еуропа елдерінің озық тәжірибесін ескере отырып, пысықталды. Біріншіден, «Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидатының негізінде ластануды болдырмау және бақылау бойынша шаралар, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру үшін жауапкершілік көзделген. Экологиялық зиян орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны оның бастапқы қалпына келтіруге міндетті.
Екіншіден, атмосфералық ауаның, судың, топырақтың ластану проблемасын шешу үшін өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу көзделген. Бірінші кезеңде жалпы ластанудың 80% шығарындыларының көзі болып табылатын 50 ірі кәсіпорында енгізу жоспарланған», - деді М.Мырзағалиев.

Еуропада 15 жылдың ішінде ең озық қол жетімді технологиялардың арқасында шығарындылар 94% азайтылды. Осы технологияларды енгізген кәсіпорындар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер кәсіпорындар қолжетімді технологияларды пайдаланбаса, олардың эмиссия үшін төлем мөлшерлемелері едәуір артады», - деді Мағзұм Мырзағалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.