ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ведомство мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ағаштарды кесу бойынша бұзушылықтар үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған бірқатар шараларды пысықтағанын хабарлады.

«Пандемия ішкі туризмге деген сұранысты көрсетті. Бірақ бұл азаматтардың экомәдениетінің төмендігін де байқатты. Бізде Қазақстанда табиғаты ерекше жерлер көп. Табиғи парктер, қорықтар, туристер келгеннен кейін барлық жерде қоқыс жиналады. Әрине бұл табиғатқа кері әсерін тигізбей қоймайды. Оған қоса, соңғы уақытта елді мекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері орын алды», - деді министр.

Енді Қызыл кітапқа енгізілген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау үшін 30 есе мөлшерде компенсациялық ағаш отырғызу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желекті екпелерді жойғаны үшін 10 есе мөлшерде ағаш отырғызу қарастырылған. Бұрын бұл нормалар болмаған еді.

«Бұдан бөлек, Орман заңнамасын бұзудан келген зиянның мөлшерін есептеу үшін базалық мөлшерлемелерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілді. Қызыл кітапқа енгізілген әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшері 6 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды», - деп атап өтті ведомство басшысы. Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге өзгерістер енгізілді.