Туризмдегі өркениетсіз көзқарас Қазақстанның табиғатына, бірегей табиғи объектілерге кері ықпалын тигізеді. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осындай пікірін білдірді.

«Қазақстанда экологиялық, ұйымдастырылған туризмді дамыту қажет. Елімізде экотуризмнің әлеуеті зор. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту бойынша жұмыстар қолға алынды. Қазақстанда 13 ұлттық парк бар. 2019 жылы келушілер саны 1,5 млн адам болды. Бүгінгі күні ұлттық парктерде көлік үшін жабдықталған тұрақтар, кемпингтер, жаңа санитарлық кабиналар мүлдем жеткіліксіз. Бұл мәселені шешу үшін халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, негізгі назар маршруттар мен соқпақтарды дамытуға және жабдықтауға аударылатын болады. Заманауи визит-орталықтар, медициналық пункттер, кемпингтер, этно-ауылдар және т.б. құру көзделіп отыр», - деді министр.

Оның айтуынша, осыған байланысты тиісті Бас жоспарлар әзірленуде. Қабылданған шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ұлттық парктерде қоғамдық кеңестер құрылды. Алматы облысындағы Іле-Алатау, Шарын, Алтын Емел, Көлсай көлдері парктерінде экотуризмді дамытудың Тұжырымдамасы дайындалып, таныстырылды. Басқа да ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамытудың тұжырымдалары әзірленуде.

«Министрлік БҰҰ ДМ-мен бірге ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы экологиялық соқпақтар мен туристік маршруттарға түсетін рекреациялық жүктемені анықтау бойынша әдістемелік нұсқаулықтар дайындап жатыр. Сонымен қатар экотуризмді дамыту бойынша қолданысқа заңға талдау жүргізілуде. Жалпы, экотуризмді дамыту – тек қаржы көзі емес. Ол азаматтарға табиғатқа ұқыпты қарау бойынша ағарту жұмысын жүргізуге, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туғызады», - деді М.Мырзағалиев.