Үстіміздегі жылы 23 қыркүйек – 25 қазан аралығында «Ауыл» партиясы Қазақстанның барлық өңірлерінде «Ел Аманаты» жалпыұлттық сауалнамасын өткізеді. Шара ел ішіндегі ең маңызды әлеуметтік және экономикалық проблемаларды айқындауға бағытталған. Сауалнамаға 18 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ауыл» ХДПП орталық аппартының жетекшісі Қуаныш Сейтжанов мәлім етті. Оның атап өтуінше, партияның сауалнаманы өткізудегі негізгі мақсаты қоғамды толғандыратын түйткілді мәселелерді ел азаматтарынан Аманат етіп алып, партияның саяси бағдарламасына енгізу болып табылады.
«Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнамасының мақсаты - сауалнама ұйымдастыру арқылы ҚР әрбір азаматтың қоғамды дамытуға өзіндік үлес қосуына мүмкіндік беру; қордаланған мәселелерді қоғам елегінен өткізіп, оларды «Ауыл» партиясының бағдарламасына енгізу; еліміздің барлық өңірлеріндегі белсенді де бастамашыл азаматтарды патриоттық идеяларды жүзеге асыру жолында жұмылдыру; өңірлердегі бастауыш партия ұйымдарының белсенділігін арттырып, тұрғындармен қарым-қатынасты жандандыру», - деді Қуаныш Сейтжанов.
Оның айтуынша, сауалнама «есіктен есікке» принципі бойынша жазбаша түрде жүргізіледі. Сондай-ақ заманауи технологиялар, әлеуметтік желілер де қолданылады.