Шілдеде коронавирустық инфекциямен күреске тартылған 78 364 медицина қызметкері 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін үстемеақы алды. Тағы 598 адамға 2 млн теңгеден төленді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті.

«Президенттің тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің үш санатына 212,5 мың теңгеден 850 мың теңгеге дейін қосымша ақы қарастырылған. Тек шілде айында коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау және науқастарды емдеу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру кезінде ерекше жағдайлар үшін қосымша төлемдер сомасы шамамен 25 миллиард теңгені құрады. Оны 78 364 қызметкер алды», - деді Қожахметов.

Ол сондай-ақ жұмыс орнында жұқтырған медицина қызметкерлеріне 2 млн.теңге көлемінде өтемақы қарастырылғанын еске салды.

«Өтінімдерді өңірлердегі арнайы комиссиялар қарайды. Бүгінгі күні 1 148 өтінім мақұлданды, 598 өтемақы төленді. Ал бұл шамамен 1,2 млрд.теңге», - деп хабарлады ведомствоның ресми өкілі.