Оның ішінде 205 жағдай Шығыс Қазақстан облысында анықталған. Пандемия басталғалы бері өңірде КВИ-дің 9565 жағдайы расталды. Соңғы аптада сырқаттанушылық көрсеткіші 100 000 адамға шаққанда 56,1 құрады. Репродуктивті саны 1,53-тен асады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді.

Оның атап өтуінше, мемлекет басшысының тапсырмасымен премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның көшпелі отырысы өтті. Облыста эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында бірқатар шектеу шаралары қабылданды.

«2 қарашадан бастап Өскемен-Нұр-Сұлтан арасында кіру мен шығу әуе қатынасы аптасына 17 рейстен 7 рейске дейін, Алматы қаласымен аптасына 14 рейстен 7 рейске дейін, Шымкент қаласымен аптасына екі рейстен бір рейске дейін қысқартылсын. Үстіміздегі жылдың 2 қарашасынан бастап Нұр-Сұлтан-Өскемен маршруттары бойынша теміржол қатынасы аптасына үш реттен бір ретке дейін, Алматы-Өскемен маршруттары бойынша жетіден үшке дейін қысқартылсын. Шығыс Қазақстан облысынан темір жол көлігімен шығу үшін берілген күннен бастап өткен тәуліктен асырмай теріс нәтижесі бар COVID-19-ға ПТР тестілеуден өткені туралы анықтаманың міндетті түрде болуы қамтамасыз етілсін. Облыс ішінде транзиттік темір жол құрамдарын тоқтатуға тыйым салу. Санитарлық бекеттер орнатрып, Шығыс Қазақстан облысына кіру мен шығуды шектеу. Облыстың басқа қалалары мен аудандары арасында халықтың қозғалысын сақтап, Өскемен қаласының аумағына кіріп-шығуға тыйым салынсын. Демалыс және мереке күндері шектеу шараларын күшейту қажет», - деді Қиясов.

Сонымен қатар, халық арасындағы байланысты азайту үшін қоғамдық көліктің жүру санын арттыру тапсырылды. Ал қызметкерлердің 80%-ы қашықтан жұмыс істеуге жіберіледі. Вахтамен жұмыс істейтіндер толықтай ПТР-тексерумен қамтылады. Адамдар көп жиналатын орындарды дезинфекциялау күшейтіледі.

«Халық арасында карантинді сақтау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша шаралар қабылдансын. ШҚО-дағы эпидемиологиялық ахуал үкіметтің тұрақты бақылауында. Осыған байланысты, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да, ел халқы да осындай қабылданған шараларға түсіністікпен қарайды деп ойлаймын», - деді бас санитарлық дәрігер.