Ағымдағы жылғы 10 наурыздағы жағдай бойынша, мұнай өнімдерінің жиынтық қоры қолайлы деңгейде. Атап айтқанда бензин бойынша 225 мың тонна, бұл елдің 20 тәуліктік қажеттілігін қамтуға жеткілікті, ал дизель отыны бойынша 298 мың тонна, бұл ішкі нарықтың қажеттілігін 27 тәулікке қамтамасыз етеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлімдеді. Оның айтуынша, ҚР ішкі нарығында жанар-жағармай бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады, яғни нарықпен реттеледі.

«Баға белгілеу кезіндегі негізгі факторлар - Қазақстан Республикасындағы мұнай құны, процессинг, салықтар мен акциздер, зертханалық сынақтар мен қоспалар бойынша шығындар, банктік қарыздарға қызмет көрсету, цистерналарды беру-жинау, тауарды тасымалдау және басқа да ілеспе шығындар болып табылады. Тұтынушылар үшін түпкілікті баға мұнай өнімінің көтерме құны, автожанармай құю станциясына дейінгі барлық көлік шығындары, мұнай базаларында сақтау, бөлшек саудада өткізушінің шығыстары, сондай-ақ акциздер мен салықтар негізінде қалыптасады», - деді вице-министр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстан бойынша орташа алғанда бензин бағасы 160 теңге шамасында. Өзге елдермен салыстыратын болсақ, бұл әлдеқайда төмен. Мысалы, Қырғызстанда 92-ші бензин бағасы литріне 185 теңге, Өзбекстанда 260 теңге (63% жоғары), Ресейде - 255 теңге (59% жоғары).