Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде кезең-кезеңмен бірқатар маңызды заңнамалық шаралар қабылданды. Олардың бірі мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттары мен судьяларға шетелдік банктерден шоттар ашуға және иеленуге тыйым салуды енгізуге қатысты.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді. Оның мәліметінше, мемлекеттік қызметшілерді қызметке тағайындау кезінде оларға шетелдік шоттарын жабуға 6 ай уақыт берілетін болады.

«Мемлекеттік қызмет – бірқатар шектеулерді қабылдауды көздейтін қызметтің ерекше түрі. Осы түзетулерді әзірлеу кезінде елдің игілігі мен халықтың мүддесіне қызмет ету идеологиясы ескерілді. Ал жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге келсек, оларға да Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі шоттарын жабуға 6 ай беріледі. Сондай-ақ, заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің шетелде жұмыс істеген, оқыған, тағылымдамадан өткен, іссапарға барған, емделген немесе кәмелеттік жасқа толмаған баланың заңды өкілі ретінде шетелде болған кезінде шетелдік банктерде шот иелену құқықтары айқындалған», - деді спикер.

Сонымен қатар, ол бұл шектеу мемлекеттік қызметші заң қабылданғанға дейін ашқан шоттарға да қатысты болатынын атап өтті. Егер мемлекеттік қызметші шетелдік банктегі шотты жапқысы келмесе және мемлекеттік қызметтен кетуге ниет білдірсе, онда ол өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш беруге құқылы.