Кибербуллинг пен буллинг үшін жауапкершілік жоқ, өйткені бұл көптеген қылмыс түрлерін қамтитын ұжымдық терминдер. Мысалы, бопсалау, қорқыту, өзін-өзі өлтіру. Бұл үшін Әкімшілік және Қылмыстық кодекстер бойынша жауапкершілік қарастырылған. Бірақ осы баптар бойынша құқық қолдану практикасын күшейту қажет. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен сараптамалық брифингте БҰҰ сертификатталған тренері Халида Әжіғұлова мәлімдеді.

«Қорлау үшін қылмыстық бап бар. Зардап шеккен адам сотқа жүгінуге құқылы. Бірақ ол әлеуметтік желілердегі құқықбұзушыны білсе ғана жеңеді. Көп жағдайда қорлау, троллинг ойдан шығарылған адамдардың аккаунттарынан жасалады. Оның қандай IP-мекен жайдан жіберілгенін білу үшін полиция мен тергеудің қолдауы қажет. Бірақ ІІМ қанша киберқылмыс тіркелгенін және оның нешеуі ашылғаны туралы ақпарат естімейміз. Бұл Қазақстанның әлі күнге дейін киберқылмыспен күрестің жалпы әлемдік трендіне ере алмай келе жатқанын көрсетеді», - деп атап өтті сарапшы.

Ол жасөспірімді бопсалаған ұжымдық қылмыстық топ мүшелерін тапқан британдық полиция қызметкерлерін мысалға келтірді. Қылмыскерлер Африкадан әрекет еткен. Полиция қылмыстық желіні анықтап, бала зардап шекпеген.

«Қазақстандық жүйе олай жақсы жұмыс істемейді. Полиция мұндай істерді тиімді қарауы үшін бізге тәсілдерді өзгерту, нұсқаулар жазу, киберқылмыспен күрес жөніндегі бөлімшелерді күшейту қажет. Олар азаматтар өтініш берген кезде бас тартпауы керек,керісінше олардың құқықтарын қорғап, интернеттегі қорлаудан сақтауы қажет», - деп қорытындылады құқық қорғаушы.