Қазақстанның кейбір облыстары мен қалаларында қар жауды. Енді көлік иелері қысқа дайындалуы тиіс. Тәртіп сақшылары жүргізушілерге көлік құралдарын қысқы шиналармен жабдықтау керегін ескертеді.

«Автомобильдердің техникалық жағдайы жолдардағы қауіпсіздік деңгейіне әсер ететін көптеген маңызды факторлардың бірі. Қысқы кезеңнің басталуымен жолдарда көлік құралдарының қозғалысы ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл ретте өзіндік ережелер мен талаптар бар. Қолданыстағы заңнамаға (Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті) сәйкес қысқы кезеңде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы шиналармен жинақталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады», - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар, қауіпсіздік мақсатында ІІМ ауа райын ескере отырып, алыс сапарларды алдын ала жоспарлауға шақырады. Құтқару қызметінің ескерту хабарламаларына назар аудару және тұман мен боран болатыны хабарланса, қала сыртындағы трассаларға шықпау, қажет болған жағдайда көліктің балама түрін пайдалану ұсынылады. Ал пойызбен жолға шығуға болады.