Бұл туралы онлайн-брифингте Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрұмов мәлімдеді. Аймақ басшысының айтуынша, ел аумағында өзекті болып тұрған дәріханалардағы дәрі-дәрмек жетіспеушілігі мәселесі өңірде реттеле бастады.

Маңғыстау облысына дәрі-дәрмек тасымалдаумен 4 мекеме айналысады. Атап айтқанда, «Медсервис Плюс» ЖШС, «Эмити Интернешнл» ЖШС Ақтау қалалық филиалы, «Инкар-Актау» ЖШС және «АДА Фарм-Актау» ЖШС.

6 шілдеде мекемелерден 3 жүк көлігімен дәрі-дәрмектер жеткізілді. 7 шілдеде дәрі-дәрмектер арнайы тіркеуден өтіп, өңірдегі дәріханаларға таратылды. Сонымен бірге, «АДА Фарм-Актау» ЖШС өзінің 22 дәріханасын дәрілік заттармен қамтамасыз етуде.

10 шілде күні «Медсервис Плюс» мекемесіне кезекті жүк көлігімен қосымша тағы да дәрі-дәрмектер әкелінеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің қолдауымен Ресей Федерациясы Астрахан қаласынан дәрі-дәрмек жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, «ERSAI Caspian Contractor» ЖШС де қаржылай көмек көрсетуге дайын.

Бұл бағытта Маңғыстау облысының әкімдігі, облыстық провизорлар мен фармацевттер қауымдастығы және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті арасында дәрілік заттарға қажеттіліктің өсуіне қатысты мәселелер бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасалды. Осыған орай, дәріханалардағы дәрі-дәрмектің бағасын реттеу мақсатында қалалар мен аудандарда «Маңғыстау-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен және құқық қорғау органдарымен бірлескен арнайы мониторингтік топтар құрылды. Бағаның негізсіз өсуін болдырмау мақсатында тұрақты түрде рейдтік шаралар өткізілед. Бүгінгі күні 3 заңды тұлғаға қатысты шара қабылдануда.

«Бұл ретте облыс тұрғындарын да барынша азаматтық жауапкершілік танытуға шақырамыз. Егер де дәріханаларда негізсіз көтерілген дәрі бағаларын байқасаңыздар Маңғыстау облыстық экономикалық тергеу департаментінің мына телефон номерлері бойынша хабарласуларыңызды сұраймын: 40 34 01, 8 702 561 6668, 8 775 195 7171, 8 707 573 1295, 8 707 405 0051. Сонымен қатар, «Маңғыстау-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне 8 775 222 7292 байланыс нөміріне Ватсап желісі арқылы жолдай аласыздар», - деді С.Тұрұмов.