Соңғы жеті жылда Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдар желісі 1 483 мекемемен толықты. Бүгінде елімізде 12 мыңнан астам балабақша мен басқа да мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларға 1 млн-нан астам бала барады. Желі жаңа нысандар салу, қолданыстағы мекемелерді реконструкциялау және олардың қуаттылығын арттыру, сондай-ақ шағын орталықтар ашу есебінен кеңейіп келеді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді.
«Соңғы үш жылда мектепке дейінгі ұйымдарда 234 мың жаңа орын ашылды», – деп нақтылады спикер.
Вице-министр атап өткендей, білім беру инфрақұрылымын дамытудың тағы бір бағыты - колледждерде болашақ мамандарды даярлауға қажетті жағдай жасау.
Бүгінде Қазақстанда 763 колледж жұмыс істейді. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісін кеңейту үшін 16 мың орынға арналған 11 жаңа колледж салу жоспарланған. Жайық Шарабасовтың айтуынша, бұл жастардың білім алу жағдайларын жақсартып, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдыларды меңгеру мүмкіндігін арттыруға сеп болады.
Қазір елімізде колледж студенттеріне арналған 45,6 мың орындық 602 жатақхана жұмыс істейді. 2019 жылдан бері 91 жатақхана пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы 6 еседен астам қысқарды.