Қазақстанда мектеп инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Қазір республика бойынша 59,3 мыңнан астам оқушы орнына арналған 101 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 85-ін биылдың соңына дейін, қалған 16-сын 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Құрылысы жүріп жатқан мектептердің 56-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Бұны ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді.
«Жаңа нысандардың құрылысы қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп жатыр. Жаңа оқу жылының басына қарай 12 үш ауысымды және 1 апатты мектептің мәселесі шешілді. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында ел өңірлерінде 21 білім беру нысанын салу көзделген.
Балалардың сапалы білім алуына қолжетімділігін кеңейту және оларға қажетті кешенді қолдау көрсету мақсатында еліміздің 20 аймағында оңалту және сауықтыру кабинеттері бар жаңа форматтағы 20 инклюзивті мектеп-кешен салу жоспарда бар», – деді спикер.
Вице-министр атап өткендей, жаңа мектептер салумен қатар, қолданыстағы білім беру инфрақұрылымын жаңартуға да ерекше көңіл бөлінеді. 2019–2026 жылдар аралығында 1 916 мектепте күрделі жөндеу жүргізілді.
Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – материалдық-техникалық базаны нығайту арқылы мектептерді жаңғырту. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқартуға бағытталған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023–2025 жылдары еліміздегі шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде орналасқан 3 008 мектеп ауқымды жаңғыртудан өтті.
Үш жыл ішінде бағдарлама аясында 1 576 мектептің жиһазы жаңартылып, 2 181 мектептің кітапханасы мен 1 301 мектептің асханасы жаңғыртылды. Сондай-ақ 1 541 мектепте қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
2021–2026 жылдары Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 8 384 пәндік кабинет сатып алынды. Оның ішінде 2 382 химия, 2 419 физика, 2 192 биология кабинеті, 791 STEM-кабинет және 600 робототехника кабинеті бар.
«Осылайша, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқуға қажетті жағдай жасалды», – деп түйіндеді Жайық Шарабасов.