Бүгінде елімізде 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Оның 5 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Соңғы жеті жылда Қазақстанда 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынды. Бұл мектептер желісін кеңейтуге, қолданыстағы білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік берді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, 2019–2026 жылдар аралығында елдегі үш ауысымды мектептер саны 5 есе, апатты мектептер саны 2 есе, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы 4 есе қысқарған.

Соңғы жылдардағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы.

«Жоба аясында еліміз бойынша 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан. Барлық мектеп климаттық және сейсмикалық ерекшеліктер ескеріле отырып, жобалау, құрылыс және жабдықтау талаптарын қамтитын бірыңғай стандарт бойынша салынды. Бұл ірі қалалар мен шалғай елді мекендердегі балаларға бірдей білім алу жағдайын жасауға, сондай-ақ қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқартуға мүмкіндік берді», – деді Жайық Шарабасов.

Жаңа мектептердің аумағы типтік жобалармен салыстырғанда 15–20%-ға үлкен. Ғимараттарда бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған аймақтар бөлек қарастырылған. Бұл балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

«Келешек мектептері» жобасы аясындағы білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылған. Ғимараттар лифтілер, пандустар және арнайы бағыттауыштармен жабдықталған. Сонымен қатар психолог, логопед және дефектолог кабинеттері бар. Бұдан бөлек, мектептерде физика, химия және биология пәндеріне арналған заманауи зертханалар, STEM-сыныптар мен робототехника кабинеттері ашылды.

«Ұлттық жобаны жүзеге асыру нақты нәтижелер берді. Атап айтқанда, 54 үш ауысымды және 12 апатты мектептің мәселесі шешілді. Сондай-ақ 100-ден астам мектептегі оқушы орындарының тапшылығы азайды», – деп хабарлады оқу-ағарту вице-министрі.

Мектеп құрылысын қаржыландырудың тағы бір көзі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры. Қор есебінен, оның ішінде мемлекетке қайтарылған сыбайлас жемқорлық активтерінен түскен қаржыға 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды. Оның 83-і пайдалануға берілді, қалған жетеуін жыл соңына дейін ашу жоспарланып отыр.