Үстіміздегі жылдың 6 айында «ҚазАгро» холдингі агроөнеркәсіптік кешенді несиелеуге 211 миллиард теңге бөлген. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ өткен брифингте компанияның басқарушы директоры Асылхан Джувашев мәлімдеді.

Атап айтқанда, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендіруге 82 млрд теңге, ауылшаруашылық техникаларын жаңартуға 48 млрд теңге бөлінді, сонымен қатар жалпы құны 5,8 млрд теңгеге 10 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 17 млрд теңгеге 4 мыңнан астам шағын несие берілді, оның жартысын ауыл кәсіпкерлері алды. Бірінші жартыжылдықта ауылдарда 3,8 мың жұмыс орны құрылды. Пандемиядан зардап шеккен қарыз алушыларға кейінге қалдырылған төлем ұсынылады. Жалпы, 9,5 млрд теңге сомасына 3378 қарыз алушының төлемді кейінге қалдыру туралы өтініші мақұлданды. Бұл ауылдық жерлерде 9 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен бірге, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кепілге қойылған жерлерге және басқа мүлікке өтімділік коэффициенттерін арттырды, болашақта қарыз алушының меншігіне айналатын кепілге қойылған мүлікті қабылдайды.