Науқан басталды. Еліміздің барлық өңірлерінде қыркүйек айында күзгі әскерге шақыру басталды, медициналық комиссиялар жұмысқа кірісті. Желтоқсан айының соңына дейін республиканың Қарулы күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары қатарына 18-27 жас аралығындағы 17 мыңнан астам жас жігітті шақыру жоспарлануда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде еліміздің Қарулы Күштері Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов мәлімдеді.

Полковник Қорғаныс министрінің тапсырмасына сәйкес барлық әскерге шақыру және жиын пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық шаралар күшейтілгенін айтты.

"Көктемгі әскерге шақырудан айырмашылығы, бұл жолы Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар әскерге шақырылушыларды ПТР-ға екі рет зерттеуді ұйымдастырады: әскерге шақыру кезінде және әскери бөлімдер мен жиын пункттерінде жас сарбаздар келгеннен кейін. Әскерге шақырылушылар, медициналық комиссия мүшелері де медициналық бетпердемен және бактерияға қарсы құралдармен қамтамасыз етіледі. Күніне кемінде екі рет барлық қызметтік және қосалқы жайларда, соның ішінде киім ауыстыратын бөлмелерді, асхананы және ұйықтайтын бөлмелерді қоса есептегенде, дезинфекциялау жүргізіледі", - деп аса назар аударды Жүсіпов.

Қолда бар тәжірибені ескере отырып, әскерге шақырылушыларда суық тию белгілері анықталған кезде барлық бөлімше қызметкерлерінің іс-қимыл алгоритмдері түзетілді. Ал медициналық тексерулердің өзі кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып жүргізіледі. Мұны Қорғаныс ведомствосының өңірлік бөлімшелерінде арнайы тағайындалған қызметкерлер қатаң қадағалайтын болады.