Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте көпсалалы медициналық орталықтың инфекционист дәрігері Гүлнар Нажимова COVID-19 негізгі белгілері мен аурудың пайда болу кезіндегі іс-қимыл алгоритмін білуге шақырды.

«COVID-19 ең көп кездесетін белгілері – дене температурасының жоғарылауы, құрғақ жөтел және шаршау. Бұлар бірқатар пациенттерде кездеседі. Аз кездесетін симптомдарға дәм сезудің жоғалуы немесе иіс сезудің жоғалуы, түрлі ауырсыну, бас ауруы, тамақтың ауыруы, мұрынның бітелуі, көздің қызаруы, диарея немесе тері бөртпесі жатады»,- деп атап өтті Г.Нажимова.

Тіпті жеңіл белгілері болған жағдайда оқшаулану қажет. Сондай-ақ, дереу тұрғылықты жердегі емханаға жүгіну маңызды.

«Егер сіз үйден шығуыңыз керек болса немесе сіз біреумен бірге тұрсаңыз, басқаларға жұқтырмас үшін медициналық масканы қолданыңыз. Мүмкіндігінше алдымен телефон арқылы көмек сұрап, учаскелік дәрігердің нұсқауларын орындаңыз»,-деді инфекционист дәрігер.