Әлем тарихын нақты тұлғалар жазады. Тұтас елдердің жеңістері мен жетістіктерінің жолы – бұл, ең алдымен, олардың басшыларының жеке табандылығының, батылдығы мен қабылдаған шешімдерінің тарихы. 90-жылдардың басында Қазақстанның алдында тәуелсіз мемлекет құрудың күрделі сынағы тұрды, – деп еске алады Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев. Әлеуметтік және азаматтық қақтығыстар посткеңестік кеңістікті дүр сілкіндірді. Аумақтық тұтастық пен тәуелсіздікті сақтауға еш кепілдік болмады.

«Әлемдік тәжірибеде табысты мемлекет құрудың дайын формулалары жоқ. Сондықтан Қазақстан өзінің даму стратегиясын әзірлеп, іске асыруы тиіс еді. Оның басты мақсаты тәуелсіздігімізді нығайту болды. Әлемдік тарих көрсеткендей, қиын кезеңдер мықты көшбасшыларды тудырады. Біздің еліміз үшін оның Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болғаны сөзсіз. Елбасына стратегиялық көрегенділік, орасан зор ерік-жігер мен күрделі жағдайларда стандартты емес және дұрыс шешімдер қабылдау қабілеті тән. Елбасының жеке қасиеттері мен ішкі сенімі жас мемлекет үшін бірқатар маңызды шешімдер қабылдауға негіз болды. Елбасы XX және XXI ғасырлар аралығында халықаралық қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын құруға зор үлес қосқанын атап өткен жөн», - деді Әшімбаев.

Жас тәуелсіз мемлекет қауіпсіздігінің жаңа парадигмасы қылышын жалақтатып, әскери әлеуетті арттыруға емес, ең алдымен ашықтыққа, диалогқа, сенім шараларына және өзара тиімді ынтымақтастық үшін ортақ платформа іздеуге негізделді. Сондықтан Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Ал бұған дейін Семей ядролық полигонының жабылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Еліміздің Тұңғыш Президентінің бұл стратегиялық шешімдері көп жағдайда одан ары дамуды айқындап берді. «Нәтижесінде, елімізде Ресей, Қытай, АҚШ және басқа елдермен сенімді және серіктестік қатынастар қалыптасты. Қазақстан жетекші әлемдік державалардан қауіпсіздік кепілдігін алды.

Еліміз посткеңестік кеңістіктегі алғашқы мемлекет ретінде көршілермен, соның ішінде Ресей мен Қытаймен шекаралардың делимитациясын жүргізді.

Кейінгі жылдары Қазақстанның Тұңғыш Президенті ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы бірқатар жаңа бастамалар көтерді. Олардың барлығы жаппай қырып-жою қаруынан азат әлемге дәйекті қозғалысқа бағытталған. Елбасы ұсынған қауіпсіздіктің жаңа парадигмасы осы саладағы ауқымды бастамаларда – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінде көрініс тапты. Бұл ұйымдардың негізінде сенім, өзара тиімді және тең құқықты ынтымақтастық қағидаттары жатыр. Осы жылдар ішінде Нұрсұлтан Назарбаев қақтығысушы тараптар мен тұтас мемлекеттерді жақындастыру саясатын дәйекті түрде іске асырды. Елбасының Орталық Азиядағы, ТМД-дағы, Сириядағы және басқа да өңірлердегі бітімгершілік әрекеттері халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Ол сондай-ақ Тұңғыш Президенттің жаңашыл тәсілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің негізін құрғанын атап өтті.

«2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-тағы террорлық акт көптеген елдерде исламға қарсы пікірлердің өршуіне себеп болды. Кейіннен Ауғанстанда, Иракта соғыс қимылдары басталды. Әлем белгісіздік пен хаос жағдайында болды. Христиан мен мұсылман өркениеті арасындағы шешілмейтін қайшылықтар туралы идеялар кеңінен таралды. Осындай жағдайда Елбасы кезекті мәрте маңызды және стратегиялық қадам жасады. Ол барлық конфессиялардың көшбасшыларын диалогқа және жаһандық сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп жауап іздеуге шақырды. Қазақстан бұл үшін моральдық құқыққа ие болды. Өйткені біздің ел көпэтносты қоғамда ұлтаралық және дінаралық келісімнің тиімді үлгісін қалыптастырды. Елбасының Съезд шақыру туралы бастамасы көптеген конфессиялар мен діни ұйымдар тарапынан қолдау тапты. Біздің еліміздегі бірінші съезд 2003 жылы өтті», - деді Әшімбаев.

Бүгінде алаң әлемде дінаралық толеранттылық, диалог және өзара іс-қимыл идеяларын тарату үшін сұранысқа ие. Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі, жаңашылдығы Еуразиялық экономикалық одақ құра отырып, посткеңестік кеңістік елдерінің экономикалық қатынастарын «қайта жүктеуді» жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

«ЕАЭО-ның бес жылдағы жұмысының қорытындысы бойынша ұйымның тиімді болғанын айта аламыз. Елдер арасындағы сауда көрсеткіштері, инвестициялар көлемі өсуде, түрлі салаларда бірлескен жобалар іске асырылып жатыр. ЕАЭО аясында әлі көп нәрсе істеу керек екені сөзсіз. Бұл ретте Қазақстанның Тұңғыш Президенті іргесін қалаған тең құқықтық және прагматикалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттарын ұстану маңызды. Бүгінгі таңда әлемде, өкінішке орай, ірі державалардың қарама-қайшылығы мен санкциялар соғысы жалғасуда. Қалыптасқан қауіпсіздік жүйелері мен тетіктері бұзылады. Жаңа нысандарда қару-жарақ жарысы жанданды. Мұндай жағдайда Елбасы ұсынған қауіпсіздік парадигмасы қазіргі әлем үшін өзекті болып қала бермек. Бұл қағидаттарды халықаралық деңгейде одан әрі ілгерілету үшін жұмыс істеу маңызды.

Жалпы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаһандық бастамалары ұзақ мерзімді перспективада XXI ғасырда жаһандық қауіпсіздіктің берік іргетасын қалыптастыру жұмысын жалғастыратынына күмән жоқ», - деп сенім білдірді Мәулен Әшімбаев.