Маңғыстау – инвестиция көздерін тарту бойынша үздік аймақтар қатарында. Биыл облыста 99 млрд. теңгенің 14 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1056 адам жұмыспен қамтылады. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.
Олардың ішінде отандық капиталдың қатысуымен 27,4 млрд. теңгенің 10 жобасы, шетелдік инвесторлардың қолдауымен 70,5 млрд. теңгеге 3 жоба, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігімен 1,9 млрд. теңгенің 1 жобасы бар.
«Оның екеуі шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске қосылды. Бірі – өздеріңізге белгілі жазда ашылған «Риксос Ақтау» туристік-қонақ үй кешені. Құны – 60,8 млрд. теңге. 635 жаңа жұмыс орны ашылды. Екіншісі, маусымда ашылған құны 8,6 млрд. теңге болатын «Теңіз суын дайындау және алынған мұнай орынына су жіберу» жобасы», - деді Серікбай Трұмов.
Соңғы төрт жылда инвестиция көлемі 37%-ға өскен. Ал, биыл 450,1 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да жалғасады. Құны 81,1 млрд. теңге болатын 21 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл 2 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.