COVID-19 қарсы әрекет етуге тартылған барлық қызметкерлер, дәрігерлер мен медбикелерден бастап жедел жәрдем жүргізушілері, медициналық мекемелердің күзетшілеріне дейін тиісті қосымша ақы алуға тиіс. Еңбек қызметі кезінде коронавирустық инфекцияны жұқтырған медициналық мекемелердің қызметкерлеріне қосымша ақы төленуі керек. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «QAZMED» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Әлиақбар Мәтішев осындай ұсыныстарды жария етті.

Медицина қызметкерлері кәсіподағы өкілінің пікірінше, коронавируспен немесе пневмониямен ауырған азаматтар оңалтудан өтуі тиіс. Бұдан басқа, барлық медицина қызметкерлері үшін санаториялық-курорттық емдеу қол жетімді болуы керек. Бірнеше медицина қызметкері бар отбасыларға, сондай-ақ қызметіне байланысты оқшаулауда жүрген дәрігерлерге мемлекет тарапынан балабақшалардағы тегін кезекші топтар, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсарту (арендалық баспана үшін толық немесе ішінара өтемақы), карантин жағдайында толық көлемде еңбекақы түрінде жан-жақты көмек көрсетілуі қажет.

«Сондай-ақ тиісті кепілдіктер болуы үшін COVID-19 кәсіби ауру ретінде тіркеу керек деп санаймыз. Медицина қызметкерлерінен пандемия кезінде «Азаматтық қорғаныс туралы» заңға сәйкес әлеуметтік қолдаудың барлық шараларымен қамту үшін оларға «құтқарушы» мәртебесін беру туралы ұсыныстар келіп түсуде», – деді Ә.Матішев.

Басты міндет жеке қорғаныш құралдарымен, дәрі-дәрмекпен, моральдық және материалдық қолдаумен қамтамасыз ету арқылы жұмыс орындарында медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болуы тиіс.

Оның айтуынша, науқастармен жұмыс істеп жүрген медициналық қызметкерлер үшін несиелер бойынша пайыздарды есептен шығару, кейінге қалдыру мәселелерін шешу айтарлықтай көмек болатын еді.