Биыл алғаш рет мемлекеттік тапсырысты орналастыруға 36 жоғары оқу орны жіберілген жоқ. Оның негізгі себептері жоғары оқу орындары ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі, білім сапасының қанағаттанарлықсыздығы, жұмысқа орналасу деңгейінің төмендігі болды. Қосымша критерий ретінде «Атамекен» ҰКП рейтингі ескерілді. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов мәлімдеді.

Ол мемлекеттік тапсырысты орналастыруды құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері және «Атамекен» ҰКП мүшелері кіретін республикалық комиссия жүргізетінін еске салды.

Нәтижесінде, ҰБТ өткізу негізінде білім алушыларға 53 мыңнан астам грант берілді.

Ал Қазақстанның білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мемлекеттік тапсырыс құны артты. Мемлекеттік жоғары оқу орындарында ол 342 мыңнан 955 мың теңгеге дейін, ұлттық жоғары оқу орындарында 635 мыңнан 1 082 600 теңгеге дейін өсті. Докторантурада мемлекеттік тапсырыс құны 1 307 000 теңгеден 1 900 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.

«Білім беру грантының құнын арттыру кезінде Білім министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоға қарасты жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың жалақысын арттыру міндетін алға қойды. Мәселен, 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарында орташа жалақы 160 мыңнан 210 мың теңгеге дейін, ұлттық жоғары оқу орындарында 283 мың теңгеге дейін көтерілді. Біз бұл шара жоғары білім сапасына әсер етеді және жүйеге жаңа кадрларды тарту бойынша ынталандыру болады деп санаймыз», - деді спикер ведомствоның ұстанымын жеткізе отырып.