Екі автомобиль және 4 рюкзак. «Цифрлық» министрліктің ел бойынша интернеттің сапасын бақылауға арналған техника паркі осы. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко мәлім етті.

«Санмен айтқанда әдемі естіледі – «99% кеңжолақты желімен қамту аймағында». Жасыратыны жоқ, мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында барлық технологиялар бар сияқты, бірақ мұнда да сапаны қамтамасыз ету бойынша проблемалар кезедседі. Сапаны бақылау үшін бізге белгілі бір өлшеу кешені қажет. Қазіргі уақытта министрлікте ел ішін аралап, интернет сапасын тексеретін екі автомобиль мен төрт рюкзак бар. Биыл біз осындай 6 автокөлік пен алып жүруге болатын 10 кешен сатып алу туралы өтінім бердік. Бұдан басқа, интернет тартылған елді мекендерде проблемалал жерлерді анықтау үшін халықпен кері байланыс орнату жобасы пысықталуда. Сондай-ақ бірқатар түзетулер енгізу қарастырылуда, өйткені сапаны жақсарту бойынша жұмыстар барысында сұрақтар туындайды», - деп атап өтті спикер мысал келтіре отырып.

Елордалық элиталық тұрғын үйдің тұрғындары адам денсаулығына зиян келтіреді деп аумақтағы базалық станцияны алып тастауды талап еткен. Ал бір айдан кейін олар желі сапасының төмендегенін айтқан.

«Кешендер осындай даулы жағдайларды шешу және сапа көрсеткіштерін анықтау үшін сатып алынады», - деп түйіндеді спикер.