Вирус айналымы жалғасуда. Тыйым салуларға қарамастан, адамдар жаппай іс-шараларға қатысуды және өткізуді тоқтатпай отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов осындай немқұрайлылықтың жағымсыз салдары туралы хабардар етті.

«Коронавирустық инфекцияның жергілікті ошақтары көбінесе үлкен шараларда көп адамның жабық жерде ұзақ уақыт болуына байланысты орын алады. Карантиндік шараларды бұзу туралы сигналдар күнде келіп түседі. Тыйым салуларға қарамастан, адамдар жаппай іс-шараларға қатысуды және өткізуді жалғастыруда, бұл эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына теріс әсерін тигізеді. Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында баршаңызды коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын сақтауға шақырамын. Халық көп жиналатын орындарға бармау, ұжымдық іс-шараларды, ертеңгіліктерді, корпоративтерді өткізбеу және қатыспау, ағзаның салқындауына жол бермеу. Ең бастысы - тәуекел тобындағы туыстарыңыз бен жақындарыңызға қауіп төндірмей қарым-қатынас жасау және құттықтау үшін заманауи қашықтан байланыс құралдарын пайдаланаңыздар», - деді ведомство өкілі.

Ол Жаңа жылды туыстарыңызды, достарыңызды және таныстарыңызды шақырмай, бірге тұратын отбасы мүшелерімен бірге қарсы алуға шақырды.

«Құрметті қазақстандықтар, пандемия мен оған қарсы күрес жалғасып жатқанына тағы да назар аударғым келеді, сондықтан әрбір адам жағдайға барынша жауапкершілікпен қарауы қажет. Ауруды өзі жұқтырмау және оны басқаларға жұқтырмау үшін бәрін жасаңыз, міндетті түрде маска тағып, әлеуметтік қашықтықты және гигиена талаптарын сақтаңыздар. Алдағы мерекелер эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және коронавирустық инфекцияның бақылаудан шығып, науқастар санының өсуіне әкелмеуі керек екенін естен шығармайық. Бұл біздің тәртібімізге және алдын алу шараларын ұстануымызға тікелей байланысты», - деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Шоранов.