Қазақстан Президенті өз Жолдауында қазақстандық өңдеу өндірістерін шикізатпен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл бағытта Алматы облысы көш бастап тұр. Өңір басшысы Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөйлеген сөзінде республикалықтан жоғары көрсеткіштерге қалай қол жеткізілгені туралы айтып берді.

Оның атап өтуінше, экспортқа бағдарланған өнімді терең қайта өңдеуге баса назар аударылды.

«Біз ірі кәсіпкерлерді шақырдық, бірнеше инвест форум өткіздік. Қолдау көрсетеміз дедік. Оның үстіне «Бизнестің жол картасы-2020» және басқа да жақсы бағдарламалар бар. Барлық сыртқы желілерді өз мойнымызға: зауытқа дейін электр қуатын, су, темір және автомобиль жолдарын жеткіземіз. Мысалы, «Маревен фуд» компаниясы. Онда 500 адам жұмыс істейді, 30 млрд теңгеге жуық өнім шығарылған. Біздің көмегіміздің арқасында олар екінші кезекте дамуда. Онда мыңға жуық адам жұмыс істейтін болады. Міне, нәтиже. Онда қазақстандық астықты терең өңдеу жүргізіледі, өнімнің 80% - ы басқа өңірлерге экспортталады», - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ ол облыс қызылша өсіретін аймақтың мәртебесін қалпына келтіру бағытында жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Бұрын тоқтап қалған екі қант зауыты қалпына келтірілді.

«Жақында мен Ақсу қант зауытында болдым. Оның қуаттылығы 350 мың тоннаны құрайды. Модернизациядан кейін заманауи технологиялар мен жабдықтар орнатылды, тек ескі қабырғалар қалды, қанттың шығуы 10% емес, 13% болды. Зауыттың қуаттылығы 550 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Сондықтан біз оны шикізатпен қамтамасыз ету үшін саланы дамытуымыз керек. Сондай-ақ Жаркенттегі Көксу қант зауыты. Жылына тек 10 мың тонна жүгері өңдеді. Біз онымен жұмыс істей бастағаннан кейін өңдеу көлемі 150 мың тоннаға дейін өсті. Мұның бәрі нәтиже береді: өндіріс көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу», - деді Баталов.

Жалпы, облыста қайта өңдеу өнеркәсібінің көлемі 87%-ды құрайды. Өңір басшысының айтуынша, облыс мұнымен шектелмейді. Облыс инвестиция тартумен айналысуда. Жергілікті кәсіпкерлер ғана емес, шетелдік бизнесмендермен де ынтымақтастықты жалғастыруда.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияда болған кезде оған «Бауман» компаниясының жобасы таныстырылды. Біз оны «Жетісу қой» деп атадық. Бізде 4 миллионнан астам қой бар, бірақ қайта өңдеу жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз осы компаниямен жұмыс істейміз. Іле ауданында ұсақ мал етін өңдейтін жақсы кәсіпорын ашамыз. Біз экспорттаймыз. Араб елдері біздің жергілікті өнімімізді күтуде, себебі дәм сапасы басқаларға қарағанда әлдеқайда жоғары», - деп сендірді әкім.

Облыс америкалық компаниямен де бірлескен жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Қазір жермен және жем-шөп базасымен қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда.