ТЖ кезінде пандемияға байланысты қазақстандық әскердің бір бөлігі оқшауланды. Бұл жағдайда да әскери қызметшілер уақытты бос өткізбеді. Үйде орындау мақсатында мамандықты оқыту бағдарламалары мен дене жаттығуларының жиынтығы әзірленді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді.
«Төтенше жағдайлар кезінде әскер шетте қала алмайды. Біз Іші істер министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне, Денсаулық сақтау органдарына және әкімдіктерге барынша көмек көрсетеміз. COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимін енгізу кезінде 13 мың әскери қызметші жұмылдырылды. Бұған қатысқан әскери қызметшілер саны мен халық санының арақатынасына шаққанда Қазақстан әлемде бірінші орындардың бірін алады. Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің бөлімшелері төтенше жағдай енгізілген алғашқы күннен бастап 29 елді мекенге дезинфекция жүргізуде. Әскери ұшқыштар төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап 90 тоннадан астам жүкті, жеке құрамнан және азаматтарды, яғни 3 мыңнан астам адамды тасымалдады. Оның ішінде өзге елдерден эвакуацияланған отандастар бар. Қазақстандықтарға әскери-медициналық қызмет барынша қолдау көрсетеді. Таразда далалық госпиталь, Ақтөбеде медициналық кешен, әскери лазареттерде екі мобильді бөлімше және 23 дәрігерлік-мейірбикелік бригада құрылды. Бұл бөлімшелер адамдарға көмек көрсету үшін елдің кез келген өңіріне жедел қызметке дайын», - деп баяндады генерал-лейтенант.
Бас әскери-медициналық басқарма Қарулы Күштер құрылымында жеке, дербес органға шығарылды. Медицина мекемелерінің штаты инфекционист-дәрігерлермен, эпидемиологтармен және вирусологтармен толықтырылған.
Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлері департаменті құрылды.
«Президенттің Жарлығына сәйкес төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін алғаш рет әскери міндеттілермен арнайы әскери жиындар өткізілді.
Қорғаныс ведомствосының басшысы ретінде шақырылғандардың барлығы дерлік әскери борышын орындауға өз еркімен келген патриоттар екенін мақтанышпен айтамын», - деді Ермекбаев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта құрамында 120 әскери қызметші бар 4-ші қазақстандық бітімгершілік рота Ливандағы өз миссиясын жалғастыруда. Батыс Сахарада әскери бақылаушы ретінде бес адам, ал Ливанда төрт штаб офицері бар.
Алматы облысында бітімгерлерді даярлау оқу орталығы құрылды. Оқу орталығының базасында ағымдағы жылдың қазан айында Қарулы Күштер тарихында алғаш рет кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуы өткізілді. 2021 жылы медицина мамандарын миссияларды орындауға жіберу үшін қазақстандық әскери-далалық госпиталін даярлауды бастау жоспарлануда.