«Аманат» ұғымының өзі қазақ үшін киелі мәнге ие, өйткені аманатты орындау – Ар-намыс ісі. Аманаттың ішкі астарымен жалпыұлттық сауалнама жүргізу халықтың рухани құндылықтарының жандануының белгісі. Бұл туралы сауалнаманы қорытындылай келе, «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары, «Ел Аманаты» жалпыұлттық сауалнамасын өткізу жөніндегі штабтың басшысы Төлеутай Рахымбеков мәлімдеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөйлеген сөзінде ол сауалнама әрбір қазақстандықты толғандыратын және көп жылдар бойы өз шешімін таппаған қоғам мен мемлекеттің ең өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаларының барлық тізбесін жинауды жоспарлағанын еске салды.

«Сауалнама нақты диагноз қоюға, біздің болмысымыздың нақты көрінісін анықтауға және алдағы кезеңге арналған іс-қимыл бағдарламасын анықтауға септігін тигізеді, яғни болашаққа бағдар береді. Сол бағдарды халық «Ауыл» партиясына сеніп тапсырады», - деп түсіндірді спикер.

Сауалнама 25 қыркүйекте басталды және 25 қазанда аяқталуы керек еді, бірақ ауыл тұрғындарының өтінішімен 10 қарашаға дейін ұзартылды.

«Заманауи технологиялардың дамуын ескере отырып, қазақстандықтардың әлеуметтік желілер арқылы сауалнамаға электрондық, on-line қатысуына баса назар аударылды. Алайда, көптеген қазақстандық ауылдардың интернетке қол жеткізе алмауына байланысты сауалнама қағаз жүзінде де жүргізілді. Бұл ретте бізге 700-ден астам жас ерікті көмектесті, олар тіпті партия мүшесі болмаса да, жүздеген шалғай ауылдарды тегін аралап, «есіктен есікке» қағидаты бойынша сауалнама ұйымдастырды. Бұл үшін ерікті көмекшілерімізге зор алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер», - деді Рахымбеков.

Жалпы сауалнамаға еліміздің барлық 17 өңірінен – 14 облыстан, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларынан 212 658 қазақстандық қатысты. Қатысушылардың 65%-ы электрондық сауалнама арқылы өз пікірлерін білдірді. Қағаз жүзінде «Ауыл» партиясына 74 082 адам аманат берді.

Ақмола, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары белсенділік танытты. Түркістан облысы көш бастап тұр, бұл өңірде сауалнамаға 6 814 респондент қатысты.

Сауалнамаға Шығыс Қазақстан (2 175), Батыс Қазақстан (2 374) және Қостанай (2 176) облыстарының тұрғындары аз қатысты.