Дүниедегі ананың рөлін, ананың перзент тәрбиелеудегі үлгісі, оның махаббаты ерекше тақырып. Арыстанбек Мұхамедиұлы өз кітабында осы алып тұлғалардың алып аналары туралы жазған. Кітап ішінде қызықты деректер көп. Орталық коммуникациялар қызметінде Арыстанбек Мұхамедиұлының «Великие матери выдающихся личностей» кітабының тұсаукесері барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қоғам қайраткері, ҚР Журналистер Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Жүсіп осындай пікірін жеткізді.

«Қазақта «Алып анадан туады» деген жақсы сөз бар. «Жігіттің жақсы болмағы - нағашыдан, киіз үйдің жақсы болмағы - ағашынан» деген даналық сөздер бар. Кітап қолыма тиген соң оны бір деммен оқып шықтым. Ішінді қызықты деректер бар. Мысалы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың анасы Әлжан ана туралы әдемі толғаулар бар. Бұл жан тебірентерлік жайттар. Әбіш ақсақалмен отау құрғаннан кейін перзент болмай, перзентті зарыға күтіп жүргенде Райымбек батырдың басына барып, құдайдан тілеп, сұрап алған, яғни тәңірдің жазуымен, алланың алқауымен дүниеге келген перзент Қазақстанды төрткүл дүниеге танытуда. Оның сіңірген еңбектеріндегі осы аналық махаббат, ананың берген ақ сүті өрнектеп, әдемі жазылған», - деді спикер.

Сондай-ақ, кітапта Ресей президенті Владимир Владимирович Путиннің, ғалым Д.Менделеевтің, жарықты ойлап тапқан Томас Эдисон Сол секілді футболдың тарланы Пеленің анасы, бокс жұлдызы Мұхамед Әлидің анасы, Пикассоның, Джордж Вашингтонның, Шарль де Гольдың аналары туралы жазылған.

«Әр санатта, тарапта жүрген тарихи тұлғалардың аналары туралы жылы, әдемі жазылған. Бұл материалдарды байланыстырып тұрған нәрсе, осы көрнекті тарихи тұлғалардың бәрінің анасы өзінің перзентіне деген махаббатына адал болған. Осы кітап басынан бастап, соңғы нүктесіне дейін адамға сенім ұялататын, адамның тұлға болып қалыптасуына ананың махаббатының мейірімінің қаншалықты керек екендігін дәлелдеп тұр. Мына әлем кейде қатыгез болып бара жатса, сол аналық мейірімнің жетіспеуінен шығар деп ойлаймын. Сондықтан кітапты мұқият оқып шыққан әр адамның бойында өзінің анасына, жалпы аналарға, деген махаббаты, құрметі оянады», - деді Нұртөре Жүсіп өз ойымен бөлісе отырып.