ТЖМ қызметкерлері өрттің шығу және адамдардың қаза болу қаупін азайту мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Республикада пеш орнату кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарын халыққа түсіндіру бойынша тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі айлығы жалғасуда. Шараның бірінші кезеңі 15 тамыз-15 қыркүйек аралығында өтті.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Оның айтуынша, 30 мыңнан астам үйде кемшіліктер жойылмаған.

«ТЖ департаменттері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерінің тізімін түзетті. Әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау органдарының өкілдерімен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтарына, жетім балаларға, көп балалы отбасылардан шыққан балаларға, оның ішінде қажетті көмек көлемін анықтау үшін тұрғын үйге бару жұмыстары ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік осал топтарының 119 мыңға жуық тұрғын үйі есепке алынды, 334 мыңнан астам азаматқа нұсқау берілді», - деді министр.