Партиялық бақылау комитетіне және оның аймақтардағы комиссияларына дауыс беру кезінде орын алған бұзушылық фактілері бойынша шағымдар келіп түсуде. Барлық шағымдар бойынша тексеріс өткізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Nur Otan» партиясының Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев мәлімдеді. Алайда олардың көбісінің растайтын материалдары жоқ.
«Қазіргі уақытта Партиялық бақылау комитетімен праймеризге байланысты шағымдар мен арыздарды қарау, халық көтеріп жатқан резонансты және өзекті мәселелер мен сұрақтарға жедел әрекет етуді ұйымдастыру, партия мүшелерімен партия Жарғысын, Әдеп кодексін және партияның басқа да бағдарламалық құжаттарының сақталуын бақылау бойынша жұмыс жалғастырылуда», - деді спикер.
2019 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың қыркүйегіне дейін Жарғыны бұзғаны үшін, партиямен байланыстың үзілуі себебімен 243 мыңнан астам адам «Nur Otan» партия қатарынан шығарылды.