Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте карантин салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау шаралары туралы баяндады. Өңірдегі кәсіпкерлерге көмек негізгі үш бағытта көрсетілді: кәсіпорындар қуаттылығын арттыру, мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие беру және жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау.

«Құрылыс индустриясының, жеңіл өнеркәсіптің, металл және ағаш бұйымдарын өндірушілердің, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру қуаты барынша күшейтілді. Нәтижесінде 10 айда кәсіпорындардың жүктемесі 75%-ға жетті. Ал ірі кәсіпорындар жергілікті өніммен барынша қамтылып жатыр», -деп хабарлады Әбілқайыр Сқақов.

ШОБ несиелеуге келсек, Павлодар облысында соңғы 10 айда бұл көрсеткіш 75 млрд теңгеден асып түскен. Осы орайда, әкім Halyk Bank-пен бірге іске асырып жатқан жас кәсіпкерлерді несиелеу бағдарламасын атап өтті. Олар 7 жылға кепілсіз 5%-бен 15 миллион теңгеге дейін қаржы ала алады.

Сонымен қатар, Павлодар облысында жаңа бастаған кәсіпкерлер шағын индустриялық аймақтардағы кеңселер мен ғимараттар уақытша тегін пайдаланады, сондай-ақ бизнес-идеяны іске асыру үшін сервистік қолдау көрсетіледі.