Жастарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі әрқашан да Мемлекет басшысының, қала басшылығының назарында. Нұр-Сұлтан қаласында Осы мақсатта биыл «Елорда жастары» бағдарламасы іске асырылады. Оның аясында жастар құны 13 млн. теңгені құрайтын 1 бөлмелі пәтер сатып ала алады. Алғашқы жарна 10 процент. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай мәлімдеді. Бағдарлама жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Қазіргі кезде әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Пәтер құнын есептеу барысында нарықтағы баға есептелді. 2020 жылдың қараша айында бағдарламаны әзірлеу басталғанда ауданы 40 шаршы метрлік 1 бөлмелі пәтердің құны нарықта 300 000-320 000 шамасында болды. Ал бағдарлама бойынша пәтер бағасын көтеретін болсақ, онда бөлініп жатқан қаражат аясында қамтылатын жастар саны азаяды. Сондай-ақ, бұл жастарға алғашқы жарнаны табуға салмақ салады. Бүгінгі таңда 1,3 млн теңге мөлшеріндегі 10 пайызды жинақтауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, пәтер жалдап тұратын жастардың ай сайынғы төлемдері ескерілді. Нұр-Сұлтан қаласында 1 бөлмелі пәтердің орташа құны 100 мың болғандықтан, несиені төлегенде де сол 100 мыңнан асып кетпеуі үшін осылай есептелді», - деп түсіндірді Ж.Матай.

Оның айтуынша, қазіргі кезде бағдарлама шарттары нақтыланып жатыр. Оның ішінде бағдарлама аясында пәтер алуға мүмкіндік алатын жастардың жасы, мамандығы, жұмыс істеу саласы т.б. критерийлер қарастырылуда. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында кезекке тұра алмайтын жастарды да баспанамен қамту көзделген. Наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатының отырысында бағдарлама бойынша бөлінетін негізгі қаражат бекітілген соң жастарды баспанамен қамтуға бағытталған «Елорда жастары» бағдарламасы бекітіледі.