QAZAQ RESMI TEST – онлайн іріктеу жүйелеріне маманданған қазақстандық TALANTIZ компаниясы әзірлеген онлайн тестілеу жүйесі. Компания «Президенттік жастар кадр резерві», «Болашақ» шәкіртақысы үшін үміткерлерді онлайн іріктеу платформасы, AIFC Leadership Programme (АХҚО-ның көшбасшылық бағдарламасы) сынды және өзге де көптеген жобаларды әзірледі. «QRT» онлай тестілеу жүйесі заманауи технологияларды, автоматтандырылған жүйенің ашықтығы мен нәтижелерді онлайн режимде жылдам тексеруді қамтиды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте www.qrt.kz сайтын әзірлеуші компания - «TALANTIZ» ЖШС-нің басқарушы серіктесі Дана Джакупова мәлімдеді. Тестілеудің жалпы уақыты – 30 минут.

«Пайдаланушы төрт кезеңнің екеуінің нәтижелерін онлайн-режимде автоматты түрде көреді – тыңдалым мен лексика-грамматиканы. Жазылым мен сұқбат тексеру үшін сарапшыларға жіберіледі. Тексеру 2 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Сәйкесінше, үшінші күні, нәтижесі сайтта, жеке кабинетте ұсынылады. Сертификатты жүктеп алуға болады, оның бірегей QR коды мен нөмірі бар. Сертификаттарды автоматты түрде жіберу де қарастырылған. Жеке басын сәйкестендіру ЭЦҚ немесе электрондық пошта арқылы тіркеу арқылы жүзеге асырылады», - деді Джакупова.

Сонымен қатар, QRT-те прокторинг жүйесі қарастырылған. Онда аудио және бейнебақылау жүргізіледі, ол өз кезегінде тестілеуден өтушілердің жұмыс аймағынан кетуіне, жаңа терезелерді және қосымша қойындыларды ашуына мүмкіндік бермейді. Ереже бұзушылық анықталған жағдайда тестілеу нәтижелері екінші рет тапсыру мүмкіндігінсіз автоматты түрде жойылады.

Тестілеуден өту құны бір адамға 5 мың теңгені құрайды. Мемлекеттік қызметшілерден басқа «QazaqResmiTest» қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау және оны зерделеу жөніндегі саясатты қалыптастыру үшін коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар қолдана алады. «QazaqResmiTest» жоғары оқу орындары мен «Болашақ» ХБО-ға да ұсынылуы мүмкін.